Прямая трансляция

Астана

Астана

22°C

«Бұл күлетін нәрсе емес»: Данияр Елеусінов алкогольге әуестігі туралы ашық айтты

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов өміріндегі қиын кезең туралы алғаш рет ашық айтып, алкогольге тәуелділік мәселесімен күресіп жүргенін мәлімдеді. Боксшы бұл туралы Instagram парақшасында бөлісті, деп хабарлайды paryz.kz.

«Бұл күлетін нәрсе емес»: Данияр Елеусінов алкогольге әуестігі туралы ашық айтты
Фото: әлеуметтік желіден

Спортшының айтуынша, алкогольге әуестік Олимпиададан кейін басталған. Ол жол апатына байланысты өзіне айтылған сынға жауап беріп, жағдайын жасырмай мойындаған.

«Иә, мойындаймын, Олимпиададан кейін алкогольге әуестігім пайда болды. Мұндай жағдайға қалай түскенімді өзім де білмеймін. Бұл күлетін нәрсе емес. Адамдар басына келмеген соң түсінбейді», – деді Елеусінов.

Боксшы қоғамда тәуелділік мәселесіне қатысты түсініктің әлі де аз екенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай қиындықты ашық айтқан адамды бірден әлсіз деп қабылдау дұрыс емес.

«Ерік-жігерің қанша мықты болса да, өмірде осындай сынақтар болады. Мен әлем чемпионы болдым, Азия ойындарын жеңдім, үлкен жетістіктерге жеттім. Бірақ менің де осындай сынағым бар», – деді ол.

Данияр Елеусінов қазіргі уақытта бұл мәселені шешуге тырысып жүргенін айтты. Ол бір ай бойы оңалту орталығында ем қабылдағанын да жеткізді. Спортшы әлеуметтік желідегі «мінсіз өмір» бейнесіне сенбеуге шақырды.

Оның пікірінше, көпшілікке танымал адамдардың да өз проблемалары мен қиындықтары бар.

«Қазір бәрі “бізде бәрі керемет” деп көрсеткісі келеді. Бірақ жұлдыздардың да өмірі мінсіз емес. Біз де адамбыз. Менің де қиындықтарым бар», – деді боксшы.

Елеусінов үшін өмірдегі ең маңызды нәрсе – жақындарының амандығы екенін айтты.

«Әйелің мен балаларың қасыңда болса, соның өзі үлкен бақыт», – деді ол.

Олимпиада чемпионы кәсіби мансабын жалғастырып, үлкен спортқа қайта оралғысы келетінін де атап өтті. Ол чемпион болу мақсаты әлі де бар екенін айтты.

«Америкаға чемпион болу мақсатымен қайта келдім. Өзімді ешкімнен кем санамаймын. Сондықтан сынағанша, қолдаңыздар. Қазақтың жігіті чемпион болып жатса, қандай жақсы. Ал бірден жерге түсіріп тастау оңай», – деді Данияр Елеусінов.