Прямая трансляция

Астана

Астана

23.56°C

«Әкем радикал емес»: қамаудағы ақсақалдың қызы Тоқаевтан әділдік сұрады

Жетісай қаласында той үстінде айтқан діни уағызынан кейін қамауға алынған 66 жастағы тұрғынның қызы Наргиза Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасап, әкесінің радикалды көзқарасты ұстанбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.

«Әкем радикал емес»: қамаудағы ақсақалдың қызы Тоқаевтан әділдік сұрады
Фото: видиодан скриншот

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Менің есімім – Наргиза. Мен өз қарындасының тойында исламдағы музыканың орны туралы және басқа да өз пікірлерін білдірген сол ақсақалдың қызымын. Менің әкем ешқашан радикал болған емес. Ол ешқашан экстремизмге шақырмаған, ешқандай діни топтар құрмаған және мемлекет пен қоғамға қарсы бағытталған идеяларды үгіттемеген. Әкем бізді әрқашан заңды өкіметті құрметтеуге және мемлекетке қарсы шықпауға үйретті. Ол ешқашан бағынбауға, билікпен қақтығысуға немесе қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған емес»,– деді ақсақалдың қызы.

Сондай-ақ қызы желідегі видеодан кейін түрлі балағат сөздер жазылып, әкесінің абыройы мен ар-намысына нұқсан келіп жатқанын айтты.

«Сөзімнің соңында Сізге жеке өтініш білдіргім келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде жүздеген адамдар, оның ішінде блогерлер мен танымал қоғам өкілдері, әкемнің өмір жолын, оқиғаның мән-жайын және ол бастан кешірген ауыр сындарды білмей тұрып, бұл бейнежазбаны таратып, оны алдын ала айыптауда. Көбісі балағат сөздер мен қорлау сөздерін қолданып, әкемнің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіріп жатыр. Көптеген адамдар обьективті тергеу нәтижелерін де күтпестен, өздері үкім шығарып қойған. Сізден құзыретті мемлекеттік органдарға осы әрекеттерге тиісті құқықтық баға беру туралы тапсырма беруіңізді сұраймын», – деді ол.