Қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел соңғы айларда қоғамда қызу талқыланған мәселелерге алғаш рет пікір білдірді. Ол анасымен бірге сұхбат беріп, жаңа некесі, қылмыстық іс, қаржы мәселесі мен әлеуметтік желідегі сынға қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Әділеттің айтуынша, қазіргі жұбайымен биыл көктемде танысқан.
«Сәуір айының соңынан, мамырдан бастап араласа бастадық. Ол да жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеген. Бірақ әлеуметтік желіде жазылып жатқандай, Ұлдананың жақын құрбысы болған емес. Екі жыл ішінде олар тек бір рет қана бірге ауысымға шыққан. Тек әріптес ретінде таныс еді», – деді ол.
Оның сөзінше, жаңа қарым-қатынас өмірге деген құлшынысын қайта оятқан.
«Қазір күліп, бақытты жүруіме анамның, Алланың және қазіргі жұбайымның еңбегі зор. Ол менің өмірге деген құлшынысымды қайта оятты. Енді бірге жаңа мақсаттарға жеткім келеді», – деді Әділет.
Сондай-ақ ол жұбайының жүкті екені туралы қауесетке нақты жауап бермей, егер бұл ақпарат рас болса, оған тек қуанатынын жеткізді.
Әділеттің айтуынша, олар суреттердің әлеуметтік желіге тарап кететінін күтпеген.
«Біз бұл фотоларды үйге қайтып келе жатқанда ғана көрдік. Мейрамхана иелері мен мобилографтар өз мекемелерін жарнамалау үшін жариялаған. Біз ешқандай рұқсат берген жоқпыз», – деді ол.
Анасы да жаңа некені көпшілікке жариялауды жоспарламағандарын айтты.