Прямая трансляция

Астана

Астана

22.5°C

Сынға қалған асаба Сабыржан ақталған жылқышыға 10 жылқы сыйлайтынын айтты

Танымал асаба Сабыржан Түзелбаев 100 жылқы ұрлады деген айыппен сотталып, кейін апелляциялық соттың шешімімен толық ақталған ақтөбелік жылқышы Рахат Сәрсеновке 10 жылқы сыйлайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.

Сынға қалған асаба Сабыржан ақталған жылқышыға 10 жылқы сыйлайтынын айтты
Фото: әлеуметтік желіден

Асаба бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, қарияға қолдау ретінде алдымен бес жылқы, кейін тағы бес жылқы табыстайтынын айтты.

«Атаға ел болып қолдау көрсетіп жатырмыз. Зейнетке шығатын шағында жаланың кесірінен сотталып, Алланың қалауымен ақталып шықты. Өз атымнан бес жылқы жіберемін. Қысқа қарай тағы бес жылқы қосамын. Барлығы – 10 тұлпар. Әр қазақ – менің жалғызым. Өзім де малшының баласымын. Бір-бірімізді қолдайық. Сондай-ақ бұған дейін айтқан артық сөздерім үшін халықтан кешірім сұраймын», – деді ол.

Еске салайық, Рахат Сәрсенов 100 жылқы ұрлады деген айыппен жеті жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Алайда кейін апелляциялық сот істі қайта қарап, оны толық ақтады. Айта кетейік, соңғы күндері Сабыржан Түзелбаевтың тойларда айтқан әзілдері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамда түрлі пікір тудырған болатын.