Астанадағы базарлардың біріндегі тандыр самса дайындайтын бөлмеде жарылыс болды. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен адамдар бар, деп хабарлайды ТЖМ-ға сілтеме жасаған paryz.kz.
"Жиенқұлов көшесіндегі тандырханада жарылыс болды. Оқиға орнынан түсірілген кадрларды оқырмандарымыз жолдап жатыр", - делінген хабарламада.
ТЖМ-ның Telegram-дағы арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, Байқоңыр ауданындағы Ш. Жиенқұлова көшесінде орналасқан базар аумағындағы екі қабатты әкімшілік ғимаратта газ-ауа қоспасы жарылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдай көлемі 50 литрлік композиттік газ баллонының герметикалығы бұзылуы салдарынан болуы мүмкін.
"Оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері жедел жетті. Барлау барысында құтқарушылар үш зардап шеккен адамды анықтады. Олардың барлығы қажетті медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді. Оқиға ғимараттың бірінші қабатында орналасқан тандыр самса дайындайтын бөлмеде болған. Жарылыс салдарынан төбе жабындысының бір бөлігі мен есік ойығы опырылды", - делінген хабарламада. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.