Шымкентте тұрғындардың арыз-шағымынан соң қалалық Экология департаментінің мамандары арнайы тексеру жүргізіп, өндірістік аймақтардан өрескел заңбұзушылықтар тапты, деп хабарлайды Paryz.kz "Хабар" арнасына сілтеме жасап.
Зертханалық сараптама нәтижесінде қорғасын өңдеу және май шығаратын зауыттардың ауаға көміртегі мен азоттың қос тотығын шекті мөлшерден бірнеше есе артық бөлгені белгілі болды. Осыған байланысты зауыт басшылығына әкімшілік айыппұл салынып, жоспардан тыс тексеру тағайындалды.
Сондай-ақ кемшіліктерді жою туралы арнайы нұсқама берілді. Егер жағдай түзелмесе, кәсіпорындардың жұмысы уақытша тоқтатылуы мүмкін.
"Бізде 7 рет тексеру жүргізілді. Оның ішінде профилактикалық бақылау бар. Арыз-шағымдар бар. Осы орайда тұрғындардың айтуы бойынша, ол жерлерде қалдықтардың дұрыс емес сақталуы бойынша деректер бар және де жағымсыз иіске шағым келтіріп жатыр. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді қалалық Экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Құлтілеуов.