Талдықорғанда күйеуінің қолынан қаза тапқан Айзат Жұманованың ісі бойынша күдікті 14 жылға сотталып, қара жамылған отбасыға 20 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Алайда Айзаттың жақындары жаза тым жеңіл деп отыр. Сондықтан апелляциялық шағым түсірмек. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Әйелін асқан қатігездікпен өлтірген Айбар Жанболаттың кінәсі сотта толық дәлелденді. Прокурор сотталушының қылмысты жасаған кезде мас күйде болғанын алға тартып, 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Алайда судья оған 14 жыл жаза кесті. Жәбірленуші тарап талап еткен 100 миллион теңге моральдық шығын да бес есе азайтылды.
"Айбар Қайратұлы Жанболат ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзуls жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баптың негізінде 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтеу белгіленсін", - дейді судья Әділет Бақытов.
Қайғыдан қан жұтқан Айзаттың жақындары сот үкімімен келіспейді. Олар, ең болмаса, мемлекеттік айыптаушы сұраған 15 жыл жаза кесілуі керек еді деп отыр. Сондай-ақ 20 миллион теңге өтемақы ештеңенің орнын толтырмайтынын айтады.
"Бүгінгі берген мерзімге байланысты. Сосын моральдық шығынға байланысты. Енді оны адвокаттар шешеді. Сол 15 жылды бергенін қалаймыз. Шындығына келгенде, ол ауруханаға жеткенше өліп қалғанын видеодан өздеріңіз көрген шығарсыздар. Өліп қалғаны енді айдан-анық", - дейді марқұмның әпкесі Раушан Дәуренбекова.