Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

«Арманым орындалды»: 70 жастағы ақсақал жеті қыздан кейін ұлды болды

Өзбекстанның Ферғана облысында 70 жастағы ақсақал 7 қыздан кейін ұл сүйді, деп хабарлайды Paryz.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.

«Арманым орындалды»: 70 жастағы ақсақал жеті қыздан кейін ұлды болды
Фото: әлеуметтік желіден

Ферғана облысы Қоштепа ауданының тұрғыны Мамур Ота Оринбаев егде жаста балалы болу ерекше сезім екенін айтады.

“Қыздардан кейін Алла маған ұл нәсіп етті. Бұл жаста бәрі басқаша сезіледі. Өзімді жасарып кеткендей сезінемін. Күн сайын жұмыстан қайтқанда дүкенге соғып, балама “қағаздарын” (жөргектерін) алып келемін. Оның күлгенін көру бар шаршауымды ұмыттырады”, – дейді ол қуана. 

Ақсақал 1980 жылы үйленген. Алғашқы жарымен балалы болуды күтіп, ұл туса атын Марифжон қою туралы серт берген. 

“Балалы болуды күттік. Ниет етіп, егер ұл туса, атын Марифжон қоямыз деп серт бергенбіз. Алайда Жаратушы бізге қыз сыйлады. Алты қыз өсірдім, әрқайсын ұзатып, бақытын таптырдым. Қызым көп деп ешқашан шағымданған емеспін”, – деді ол. 

Мамур Ота Оринбаевтың алғашқы жары 53 жасында дүниеден өткен. Жалғыздықты көтере алмаған соң, екінші рет үйленген.

“Екінші жарымнан ұл туды. Алғашқы әйелімнің аманаты бойынша оның атын Маруфжон қойдық. 45 жылдық отбасылық өмірден кейін ұл сүю бақыты бұйырды. Жаратушыдан осы баланы өсіріп-жетілдіруге денсаулық беруін тілеймін. Бұрын ұлым болмайды деп ойлайтынмын, енді арманым орындалды. Аллаға шүкіршілігім шексіз. Ғұмыр беріп, келін түсіріп, келіннің қолынан шай ішетін күнге жеткізсін”, – дейді ол. 

70 жасында ұлды болған әке күнкөрісін елдің үйіне пеш пен тандыр салып, қолөнермен айналысу арқылы табады.

“Жақында қыздарым Умраға барып келді. Сол сапар кезінде сүйікті Маруфжонымды қатты сағындым. Шынында да, 70 жаста ұл сүю мүлде бөлек сезім”, – дейді ол.