Прямой эфир
Астана
25.77°C
Семейде стендап-шоу кезінде бейәдеп сөздер айтқан стендап-блогер 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Абай облыстық ПД-ға сілтеме жасаған paryz.kz.
Полицияның мәліметінше, 2025 жылғы 22 қарашада кешкі сағат 21:00 шамасында Семей қаласындағы мейрамханалардың бірінде өткен стендап-шоуда өнер көрсеткен жергілікті блогер көпшілік алдында бейәдеп сөздер айтқан.
Шоудың видеосы әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда қызу талқыға түскен. Полиция қызметкерлері жарияланған видеоматериалды зерделеп, стендап-блогерді қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Сот әкімшілік істі қарап, блогерді 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы шешім қабылдаған. Абай облыстық полициясы көпшілік алдында өтетін іс-шараларда, соның ішінде әзіл-сықақ бағдарламаларында қоғамдық мораль нормаларын сақтау керектігін еске салды.
"Қоғамдық ортада бейәдеп сөздер айту, сондай-ақ оны интернет арқылы тарату заңға қайшы келеді және құқықтық жауапкершілікке әкеледі. Осындай құқық бұзушылықтарға қатысты полиция қажетті шаралар қабылдайды. Қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер назардан тыс қалмайды", - делінген хабарламада.