Прямой эфир
Астана
25.77°C
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың тоқалы делінген Түркістан облыстық маслихатының 25 жастағы депутаты Нұрайым Шақимерген әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өміріне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы paryz.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Депутат өзінің қолында кішкентай сәбиі бар, жүрегі жараланған, ажырасқан әйел екенін жазған.
“Бұл жазбаны қандай ауыр күйде жазып отырғанымды өзім ғана білемін. Мен – қолында кішкентай сәбиі бар, жүрегі жараланған, ажырасқан әйелмін. Мен – әкесіз өскен қызбын. Сондықтан, иә… “ер адамның жылуына” мұқтаж болатыным анық еді. Әке деген – бөлек әлем. Түсініксіз, қол жетпес, бірақ жаныңа керек ең жылы нәрсе”, – деп жазды ол.
Ол жазбасында “қорғаныш таптым” деп сеніп, үміттенгенімен, қателескенін мойындады.
“Кейде біз “қорғаныш таптым”, “мені аялайтын азамат кездестірдім” деп ойлаймыз. Сенеміз. Үміттенеміз. Жүрегіміздің ең нәзік тұсын ашып, қолына ұстатамыз. Бірақ… өмір бізді тағы бір сынайды екен. Мен де солай қателестім. Асықтым. Сендім. Қателестім. Бірақ бүгін мен өзімді кінәламаймын. Ұялмаймын. Өйткені дәл осы қателігім арқылы ең үлкен сабақты алдым”, – деп жазған. Нұрайым Шақимерген сенген адамы шешім қабылдайтын сәтте кері шегінгені, сенімін ақтамағанын айтады. “Басында маған үйлену үшін барлығын жасады. Сендірді. Әр сөзін дәлелдегендей болды. Мен сендім. Ал шешім қабылдайтын сәт келгенде – қайынжұртынан қорқып, оларды таңдады. Қашып кетті. Үнсіз кетті. Мен оған ренжімеймін. Бұл оның таңдауы. Оның шамасы. Ал мен өзімді таңдадым”, – деп жазған. 25 жастағы депутат оқырмандарынан оның жеке өміріне емес, қызметтік жолыне, еңбегіне баға беруді сұраған.
“Қадірлі әкелер! Қызыңызға бар мейіріміңізді беріңіз. Құшағыңыз, сөзіңіз, қорғауыңыз оған өмірлік тірек болсын. Менің өмірім ешбір қыздың тағдырына айналмасын. Ал менің замандастарыма – менің жеке өмірімді емес, 25 жастағы Нұрайымның қызметтік жолын, еңбегін, табандылығын көруді жазсын деп тілеймін. Менің міндетім елге қызмет ету, өмірін таза еңбегімен жазатын ана болу. Ұлымның маған қарап мақтануы үшін күшім де, сабырым да жеткілікті”, – деп жазды ол.