Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Ардақ Назаров әлем чемпионы емес, ол «мешкобой» болған – журналист

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров өзін аралас жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы деп атайтыны белгілі. Белгілі журналист Гүлбану Әбенова оның чемпиондығына күмән келтіріп, спорттық карьерасына талдау жүргізіп көрді. Нәтижесін өзінің Facebook-парақшасында жазған, деп хабарлайды Paryz.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.   

Ардақ Назаров әлем чемпионы емес, ол «мешкобой» болған – журналист
фото: әлеуметтік желіден

Ендеше журналист жазбасын толықтай назарыңызға ұсынамыз.

Ардақ Назаров бүкіл жерде өзін 3 дүркін Әлем чемпионымын деп таныстырады. Және көп сұхбаттарында ешқашан жеңілмегенмін, 2 рет қана тең түскенмін дейді. Бұл расында солай ма? Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін, ашық дерек көздеріне жүгінейін.

Әлемдік аралас жекпе-жек лигаларының жекпе-жектерінің есебін жүргізетін, солар басшылыққа алатын әлемдік Tapology.com мен Sherdog.com сайттарынан Ардақ Назаровтың жекпе-жек рекордтарына көз жүгіртейік. Оған көз салсақ, кейіпкеріміз - 20 рет жеңіп, бақандай 3 рет ұтылып, 1 ретінде ғана тең түскен.

ЕНДІ ҚЫЗЫҚ ФАКТІЛЕРГЕ ТОҚТАЙЫҚ.

Депутат Назаров - 2005 жылы Кореяда Әлем чемпионы болдым дейді. Әлемдік сайттардың статистикасы бойынша 2005 жылы Назаров (рекорды 15-1) Du Hyung Kim (5-1) деген спортшымен жекпе-жекке шығып, бірінші айналымда-ақ төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіліп, үйге қайтқан.

Ол турнирде одан басқа 2 қазақ Төлеген Ақылбеков пен Дәнеш Дүнгенбаев, қырғызтандық Замир Сырғабеков пен қазіргі UFC чемпионы Валентина Шевченколар жеңіске жеткен. Сонда Назаров қалай чемпион боп жүр?

НАЗАРОВ КІМДЕРДІ ҰТТЫ ДЕГЕНГЕ ТОҚТАЛСАҚ

11-0 болғанға дейін тек ДЕБЮТАНТТАРДЫ немесе карьерасын енді бастағандарды ҰТҚАН. 11-0 болған кезде М1 Global ұжымында алғашқы жеңілісіне ұшыраған. Қарсыласы - рекорды 2-0 армян Karen Grigoryan. Одан бөлек Назаров Грейси командасының өкілі Брендон Гарнерді ұттым деп сұхбат беріп жүр. Бұл жекпе-жек 2007 жылдың 26-қазанында болған. Бұл жекпе жекте Ардақ Назаров (16-2) Гарнермен (4-1) әрең тең түскен болатын.

СОНДА ЖЕНДІМ ДЕГЕНІ ҚАЙДА?

Назаровтың соңғы жеңілісі - 2010 жылдың 9-қазанында болады. Ол жолы Назаров (19-2-1) америкалық Lance Wipf (7-3) жеңілген болатын. Жоғарыда келтірілген статистикаға қарап, қорыта келгенде - қазіргі кездегі депутат Ардақ Назаров өзі айтып жүргендей ешқандай да Әлемнің 3 дүркін чемпионы емес, бар болғаны жекпе-жек тілімен айтқанда «МЕШКОБОЙ» болғанын көрсетеді?

Кәсіби деңгейі қазіргі таңда еліміздегі Alash Pride, Naiza, OCTAGON лигаларында жүрген ортаңқол спортшылардан төмен болмаса, артық еместігін көрсетеді.