Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиенбай конвой әкетпес бұрын журналистерге үкім жайлы не ойлайтынын айтып үлгерді, деп хабарлайды Paryz.kz Qaz.365-ке сілтеме жасап.
“Үкіммен келіспеймін. Менің өлтіру ниетім болмаған. Ол Русланның қорқыныштан айтып жатқан сандырағы деп ойлаймын. Өздеріңіз видеодан көрдіңіздер. Мен оны өлтіретін болсам, ешқайда қашып құтылмас еді. 9 жыл болса – 9 жыл! Бірақ адам өлтіру емес, 106 бап – адам өміріне қасақана зиян келтіру бабымен соттау керек еді. Нақты айғақталған қылмыс – сол. Денсаулығына ауыр зиян келген, биологиялық өлім келмеген. Апелляциялық шағым түсіретінімді айта алмаймын”, – деді Ернар Жиенбай сот үкімі оқылған соң журналистерге берген жауабында.
Ернар Жиенбай Руслан Берденов бірінші өзіне шақырғанын, дөрекілік көрсеткенін айтты.
“Сен тупойсың, шашың түсіп қалған” деп кәдімгідей тұрып жағамнан ұстады, бірақ оны көмекшілері айтпайды. Өздеріңіз көрдіңіздер ғой, көмекшісі де, құрылыс басқарма басшысына айтқан: “Жиенбайды соттатамын, себебі көмекшіме мінез көрсетті” деген. Мен ол кісіні іздеген себебім – ол кісі Форбста тұрған, билікте адамы көп, мәжіліс депутаты болған адам. Мен ұрысты тоқтату мақсатында араға адам салып, екінші кездесуге кіруімнің себебі – жұмыста қалдыру емес, “мені соттатпаңыз” деп кешірім сұрау мақсатында кіргенмін. Сол кірген кезімде болған оқиға еді”, – дейді Ернар Жиенбай.