Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Болаттың қазасына байланысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін басты сотталушылардың бірі — Абзал Шынасыл — алғаш рет сот алдында толық түсініктеме берді, деп хабарлайды Paryz.kz ozgeris.info сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, ол ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше ауыр бабы бойынша айыпталып отыр. — 293-баптың 3-бөлігі — бұзақылық; — 99-баптың 2-бөлігінің 5, 9 және 14-тармақтары — адам өлтіру; — 24-баптың 3-бөлігі және 99-баптың 2-бөлігі — адам өлтіруге оқталу. Шынасыл өзіне тағылған айыпты жартылай мойындайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол әрекетінің салдарын толық түсінбей, сол сәтте эмоцияға берілген.
«Шерзат құлады. Неден құлағанын білмедім. Шалынып құлаған шығар деп ойладым. Ол отырды. Сол кезде біреу “Скорый!” деп айғайлады. Содан барып тептім, ұрдым. Біреу арқамнан тартты — танымай қалдым. Кейін Әскентай Дархан екенін білдім. Оны танымаған соң екі рет ұрып жібердім. Нұрқанат қашып кеткен екен десем, оны сүйреп алып кетіпті. Оның шалбарының құйымшақ жағы ашық еді. Төс қалтамдағы пышақты алып, жамбасына үш рет сұғып жібердім», — деді сотталушы.
Абзал оқиға орнынан қашқан соң пышақтағы саусақ іздерін жою үшін оны жуғанын және көзден таса жерге лақтырып жібергенін де жасырмады. Сондай-ақ сот барысында ол тергеу кезінде өз еркінен тыс мойындауға мәжбүр болғанын айтты.
«Талғарда тергеушілер “мұны бір адам істеді деп мойындамасаңдар, топ болып кетесіңдер” деді. Қонаевқа апардық. Жолда Равиль Сакиев “Бір адам мойындасын, әйтпесе бәрімізге қиын болады” деді. Ойланып, мойныма алайын дедім. Шерзатты мен, ал Нұрқанатқа пышақ салғанды Шыңғыс мойнына алатын болып шештік», — деді Шынасыл. Шерзат Болаттың өлімі бойынша қозғалған қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Іс аясында 9 адам айыпталып отыр. Сот отырысы жалғасып жатыр.