Алматыда бүгін таңертеңнен бастап Дулати көшесіндегі қозғалыс тоқтатылды. Әсіресе Тұңғыш Президент саябағының жоғарғы жағында орналасқан Назарбаевтар әулетінің резиденциясы маңында полицейлер әр 200 метр сайын тізбектеліп тұр, деп хабарлайды Paryz.kz ORDA порталына сілтеп.
Резиденция жаққа көлік өткізілмейді, түсірілім жасауға мүлде тыйым салынған. Кешеден бері бұл аумақта арнайы қызмет өкілдері күзетіп жүрсе, бүгін олардың саны айтарлықтай артқан. Байланыс та нашарлап кеткен — сигнал әлсіреген.
«Орда» порталының журналисі резиденция жаққа бағыт алған катафалкке ұқсас көлікті байқап қалған. Тілшілер нысанға жақындамақ болғанда, күзетшілер дөрекі жауап қайтарған:
— Не істейсің? Ішінде адам бар. Айта алмаймын. Сол сәтте Кенсай зираты маңында бірнеше патруль көлігі байқалды.
Бұл — танымал тұлғалар жерленген елге белгілі зират. Полиция «Орда» журналистерін ұстап, барлық түсірілім материалдарын дереу өшіруді талап еткен. Ал Алматы қалалық ПД бұл жағдайға қатысты түсініктеме бермей отыр.