Отарда әскерде әлімжеттік көріп, комаға түскен 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпат есін жиды, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Бұл туралы @poisk_region_10 отрядының еріктілері хабарлайды.
«Маусым айының соңында сарбаз комадан шықты. Алайда, саңырау күйде болды, бұрын жүргізілген трахеостомияға байланысты сөйлей алмады. Арада 1 ай өтті. Нұржігіттің жағдайы айтарлықтай жақсарды. Жігіттің ата-анасы қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді», - деп жазды еріктілер.
Естеріңізге сала кетейік, қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпат 2024 жылдың 15 мамырында әскерге кетіп, 9 маусымда комаға түскен.
Әскери полиция сарбазға ЖРВИ диагнозы қойылғанын айтып, медициналық пунктке жеткізілгені туралы хабарлаған.
Бірақ оның денесінде ұрып-соғу іздері болғаны артынша анықталды. Ол Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Анасының айтуынша, ұлының кіші сержант ұрған болуы мүмкін.