Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

«Арманымыз көп болды»: Асқар Забикулиннің жары қазіргі өмірі туралы айтты

Жарты жыл бұрын елордада өрт сөндіруші Асқар Забикулин отқа оранған үйден 3 адамды аман алып шықты. Алайда өзін күйік шалып, ауруханада жан тапсырды. Батырдың отбасы қазір қалай өмір сүріп жатқанын жұбайы Әнел Забикулина айтып берді. Бұл туралы Paryz.kz 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Арманымыз көп болды»: Асқар Забикулиннің жары қазіргі өмірі туралы айтты

16 қарашада Астанадағы көпқабатты пәтерден өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер дереу қызыл жалынды ауыздықтауға кірісті. Кенет отқа оранған пәтерде 3 адамның қалғаны туралы хабар түсті. Сол сәтте Асқар Забикуллин тілсіз жаудың тұзағында қалғандарды аман алып шықты. Осы ауысымнан кейін ол асыға күткен еңбек демалысына шығуы керек еді.

Асқардың артында 2 қызы қалды. Қазір олар балабақшаға барады. 

«Үлкен қызым 5 ай білген жоқ. Оған жақында айттым. Әрине, оған да ауыр соқққы болды. 5 ай бойы әкесі жұмыста деген үмітпен өмір сүрді. Келеді деп күтті. Менен күнде сұрайтын «әкем қайда?» деп. Қайда барсақ та, қонақта да, дүкенде де әкесімен мақтанады», – дейді батырдың жары Әнел Забикулина.

Қазір Әнел балаларымен батырға берілген 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Асқар қоныс тойын отбасымен бірге тойлауды армандаған еді. Төсбелгі алып, қызметтің шыңына шығуды да қалаған. Өкінішке қарай, жеткен жетістігін көзі тірісінде өзі көре алмай кетті.

«Армандарымыз көп болды. Өзіміздің үйіміз болғанын қаладық. Кіші қызымыз қашан балабақшаға барады деп ойлайтынбыз. Ұл армандайтын. Оны хоккейге беремін, өзім сияқты хоккейші болады деуші еді», – деп жалғады әйелі.

№6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі енді Асқар Забикулиннің атымен аталады. Мұнда ол бастықтың орынбасары қызметін атқарып, құтқарушылардың дайындығына жауап берді. Әріптестерінің айтуынша, Асқар жанкешті болды. Басшылық қызметіне қарамастан үнемі қызыл жалынның ішіне өзі кіріп, адамдарды мүмкіндігінше жылдам құтқаруға асығатын. Сол үшін өмірін бірнеше рет қатерге де тікті.

«Асқар бауырымыз – өз ісіне адал, адамгершілігі мол, өз қызметін жақсы білетін адам. Күнделікті өрт болатындықтан, ондай жағдай көп болатын еді. Қаншама кісілерді құтқарып қалды», – дейді А. Забикулин атындағы өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Әділхан Талдыбаев.

Асқар Забикулин атындағы өрт сөндіру бөлімі елдегі ең үздік бөлім атағын жеңіп алды. Мұнда 120 маман жұмыс істейді. Олар былтыр тілсіз жаудың тұзағынан 8 адамды құтқарды. Айтпақшы, бұл – ТМД аумағындағы өрт сөндірушінің есімі берілген жалғыз бөлім. Сондықтан мұндағы әр маман Асқардың атына дақ түсірмей, батыл һәм ержүрек болу керек екенін жақсы түсінеді.

Еске салсақ, адамдарды өрттен аман алып қалған Асқардың денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылған. Төрт күннен соң өрт сөндіруші есін жимастан көз жұмды.

22 қарашада Көкшетауда қаза асы өтіп, батыр өзінің туған жері – Үлгі ауылында жерленді.

Мемлекет басшысының атынан ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин мен елорданың сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыстаған болатын.