Белгілі ақын Светқали Нұржанның Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 3 тілегі бар. «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында ол барлығын тізбектеп шықты. Егер осы үш мәселе реттелсе, онда қазақтың ұлт ретінде қалыптасуы қайта жанданбақ.
«Қазақ тілі өте күрделі жағдайда тұр. Күнде зарлап айтып жүрмін. Мына телефонға байланған ұрпақ өсіп келе жатыр. Тілі қазақша, не орысша, яки ағылшынша да емес. Соның кесірінен тілі шықпай жатқандар да көп. Сондықтан қазақ тілінің тағдыры осы кісінің мойынында. 30 жыл бойы тағы да қазақты алдамай, өтірік бағдарламалар жасамай, қазақтың ішкі рухани күшін қосу арқылы біздің мемлекеттік тілді өз тұғырына тұрғызып кетсе деген бірінші тілегім. Сосын мына қара Қытайдың шеңгелінде қалып, қан құсып отырған қазағымды отанына оралуға мүмкіндік туғызса екен деген екінші тілегім бар. Сонымен бірге ұлы бабам әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауидің ұлы ілімін қазақтың жүрегіне қондырса деген үшінші тілегім. Осы 3 тілек орындалса, қазақ қағанаты дүние тұрғанша тұра береді», - дейді Светқали Нұржан