Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

«Базардағы әр сауда орнының артында бір отбасының күнкөрісі тұр»: Мұрат Әбенов шағын сауда орындарына жаңа талап енгізуге қарсы шықты

Экс-депутат Мұрат Әбенов жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалау талаптары шағын кәсіпкерлерге қосымша салмақ түсіруі мүмкін екенін айтып, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке үн қатты. Оның пікірінше, жаңа талаптарды енгізу кезінде базардағы қарапайым саудагерлердің мүмкіндігі мен қаржылық жағдайы ескерілуі керек, деп хабарлайды paryz.kz.

«Базардағы әр сауда орнының артында бір отбасының күнкөрісі тұр»: Мұрат Әбенов шағын сауда орындарына жаңа талап енгізуге қарсы шықты
Фото: әлеуметтік желіден

Әбенов әлеуметтік желідегі жазбасында базардағы әрбір сауда орнының артында бір отбасының күнкөрісі тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, бір кәсіпкер несие төлесе, екіншісі баласын оқытып, енді бірі қарт ата-анасын асырап отыр. 

«Ал біз болсақ, жаңа талаптарды ойлап тауып, сол адамдардың жұмысын қиындатып жатырмыз. 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіле бастайды. Бірақ бұл талаптардың базардағы қарапайым сатушының қалтасына қалай соғатыны толық есептелді ме?» – деп жазды ол.

Экс-депутат ірі сауда желілері мен базардағы шағын кәсіпкерлердің мүмкіндігі бірдей емес екенін алға тартты. Оның сөзінше, үлкен супермаркеттерде бухгалтер, қоймашы және бағдарламашы секілді мамандар жұмыс істейді. Ал шағын сауда орнында кәсіпкер тауарды өзі әкеліп, өзі сатып, салық төлеп, есеп-қисапты да өз бетінше жүргізеді. Осыған байланысты ол шағын кәсіпкерлерге қосымша міндет жүктеп, шығындарын арттыру олардың жұмысына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты. 

Сонымен қатар Мұрат Әбенов цифрлық таңбалаудың күнделікті саудадағы қолайлылығына күмән келтірді. Мәселен, киімді сатып алушы киіп көргенде немесе ұстап көргенде тауардағы таңба зақымдануы мүмкін. Ал код жыртылып қалса немесе оқылмаса, сатушының жұмысы тоқтап, қосымша шығынға ұшырауы ықтимал. Экс-депутат жаңа талаптарды енгізу кезінде ірі сауда желілерімен қатар шағын кәсіпкерлердің де жағдайын ескеруге шақырды.