Атыраудағы Д. Қонаев атындағы BINOM мектебінде жасөспірім 13 жастағы қыз баланы бірнеше жерінен пышақтап кеткен. Осы жағдайға байланысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды paryz.kz.
Тергеу барысында жасөспірім қылмыстық ойын бірнеше күн бойы алдын ала жоспарлап, дайындаған. Оған оқушының iPhone XS телефонындағы жазбасы, физика пәніне арнаған дәптері және мектепке орнатылған камера дәлел болған. Биыл 13 наурыз күні ол қоғамнан өш алғысы келетіні телефонына жазба қалдырған. Ал физика пәнінің дәптеріне өз ата-анасын өлтіргісі келетіні туралы жазған. Сол сияқты бозбала мектеп психологына сыныптастары тарапынан буллингке ұшырағаны туралы айтыпты. Алайда оны ұрғаны жөнінде ешқандай дәлел табылған жоқ. Тек оған қатарластары су шашқаны жайлы ғана айтылды. Сол сияқты оның терроризмге, зорлық-зомбылыққа, озбырлыққа қатысты тыйым салынған материалдарға қызығатыны белгілі болды. Судьяның айтуынша, жасөспірім істе көрсетілген дәлелдердің өзіне қатысы жоқ екенін айтып ақталмақ болған. Ал қылмысын есі кіресілі-шығасылы күйде жасағанын жеткізді. Дегенмен, сот-психиатриялық сараптамасы бозбаланың есі дұрыс болғанын анықтады. Ал пышақпен шабуыл жасаған сәтте жасөспірім аффект күйде болмаған, не істеп жатқанын білген. Осылайша сотта оның шабуыл жасаған сәті тосыннан болмағаны анықталды.
Бұдан бөлек, 13 наурыз күні шамамен сағат 12:30-да жасөспірім мектебінен шығып кетіп, 14:00-де үйінде бәкі, асүй пышағын, балға, BETA 1778MT, қайшы секілді қауіпті заттарды жинаған. Сағат 16:56-да мектебіне қайта барған. Ал күзетшіге көзілдірігін ұмытып кеткенін айтып, ішке кіріп алған. Күзетші оның сөмкесінде не барын тексермеген. Мектеп ішінде терезе жанында жиналып тұрған төрт оқушыны байқайды.
Олардың үшеуі – қыз бала, біреуі – ұл бала. Жасөспірім қыздардың бірін қуып жетіп, пышағын бес мәрте сұғып алады. Қыз бала арқасынан, жұтқыншағынан ауыр жарақат алады. Ауыр жараланған 13 жастағы қыз бала онымен таныс болмаған. Тіпті араларында ешқандай дау да болмаған. Бозбаланың қылмысы анықталған соң, сот үкімімен 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Өз жазасын ол жасөспірімдерге арналған қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.