Прямая трансляция

Астана

Астана

12°C

Қандай жағдайларда мәслихат депутаттығына кандидаттарға сайлау жарнасы қайтарылады?

Ағымдағы сайлау науқанының ерекшелігі - аралас сайлау жүйесінің қолданылуы. Бұл жүйе бойынша сайлауға саяси партиялар да, бірмандаттық сайлау округтері бойынша кандидаттар да қатыса алады, деп хабарлайды paryz.kz.

Қандай жағдайларда мәслихат депутаттығына кандидаттарға сайлау жарнасы қайтарылады?
Фото: istockphoto

Осыған байланысты кандидаттар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан ғана емес, өзін-өзі ұсыну тәртібімен де ұсыныла алады.

Заңнамаға сәйкес, мәслихат депутаттығына кандидаттар сайлау жарнасын төлеуге міндетті. Сайлау жарнасын кімдер және қандай мөлшерде төлеуі тиіс, сондай-ақ қандай жағдайларда жарнаның қайтарылатыны Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі отырысында түсіндірілді.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова бұл норманың сайлау процесіне қатысушылардың жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. 

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 104-бабына сәйкес, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын өз қаражаты есебінен аударады. Қазіргі уақытта бұл сома 425 000 теңгені құрайды. Ал өзін-өзі ұсыну тәртібімен мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған азамат белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін, тіркеуге дейін жергілікті атқарушы органдардың шотына дәл осындай мөлшерде сайлау жарнасын енгізеді. 

«Сайлау нәтижелері бойынша саяси партия дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алған жағдайда, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген сайлау жарнасы саяси партияға қайтарылады. Сайлау нәтижелері бойынша кандидат мәслихат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алған жағдайда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген сайлау жарнасы кандидатқа қайтарылады. Қалған барлық жағдайларда енгізілген сайлау жарнасы қайтарылмайды және республикалық бюджет кірісіне аударылады», - деп хабарлады Әсел Жанәбілова. 

Тиісті аумақтық сайлау округі бойынша мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының бес және одан да көп пайызын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады. Ал алдыңғы сайлауда үштен бес пайызға дейінгісін алған саяси партиялар сайлау жарнасын осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген мөлшердің елу пайызы көлемінде, бірден үш пайызға дейінгісін алған саяси партиялар сайлау жарнасын осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген мөлшердің жетпіс пайызы көлемінде төлейді.