Қыз бала Павлодар облыстық фтизиопульмонология орталығына орналастырылған. Қазір оған қажетті медициналық ем-дом көрсетіліп жатыр, деп paryz.kz.
Павлодар облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, дарынды балаларға арналған № 3 гимназия оқушыларының бірінде туберкулезге күдік бары туралы хабарлама 7 қазанда түскен.
Уәкілетті органдардың нұсқамасына сәйкес қажетті профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілген. Ал кәмелетке толмаған қыз ем қабылдау үшін ауруханаға жатқызылған. Қазір дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.
— Кәмелетке толмаған баланың денсаулық жағдайына қатысты қосымша ақпарат Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабына сәйкес жария етуге жатпайды. Жағдай бақылауда, — деп хабарлады Павлодар облысының білім басқармасынан.
Сондай-ақ басқарма сынып оқушыларында Манту сынамасы жүргізілгенін, оқу кабинеттері мен ортақ пайдаланылатын орындар дезинфекциялық өңделгенін мәлім етті. Флюорографиялық тексеруден өту мерзімі жақындаған қызметкерлерді емханаларға бағыттау көзделген.