Прямая трансляция

Астана

Астана

12.55°C

Жол сапасын бақыламаған 22 сарапшы жұмыстан босатылды, 53,4 млн теңге айыппұл салынды

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар автожолдардағы құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сапасына жүргізілген тексерулердің қорытындысын жариялады. Жол құрылысында тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген 22 техникалық қадағалау сарапшысы қызметінен босатылып, жауапты мамандарға 53,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Жол сапасын бақыламаған 22 сарапшы жұмыстан босатылды, 53,4 млн теңге айыппұл салынды
Фото: qazavtozhol

Жыл басынан бері ұлттық компания мамандары 50-ге жуық инспекциялық тексеру жүргізіп, нәтижесінде 1 670 ақау мен нормативтік талаптарға сәйкессіздікті анықтады. Бүгінгі таңда анықталған кемшіліктердің 831-і (49,8%-ы) толықтай жойылды, ал қалған бөлігі бойынша қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Анықталған негізгі бұзушылықтар:

  • Асфальтбетон жамылғысының жарылуы мен ығысуы;

  • Жол бетіндегі шұңқырлар, ойықтар және жолтабандардың пайда болуы;

  • Автокөлік жолдарының пайдалану жағдайы мен қауіпсіздігіне кері әсер ететін басқа да ақаулар.

«ҚазАвтоЖол» өкілдерінің хабарлауынша, жол нысандарының сапасына және техникалық қадағалау қызметіне қойылатын талаптар барынша күшейтілді. Компанияда атап өткендей, тексеру кезінде ақаудың анықталуы жұмыстың қабылданғанын білдірмейді — мердігер ұйымдар барлық кемшіліктерді өз есебінен жоюға міндетті.

Республикалық жол желісінің сапасын тексеру және бақылау шаралары тұрақты негізде жалғасады.