Алматы облысындағы таулы аумақта Ан-2 ұшағы қону кезінде зақымданды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Кадрлардан әуе кемесінің тау баурайындағы ағаштар мен бұталардың арасына қонғанын көруге болады. Оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ – Қаракемер аумағында болған. Жақын маңда әуежайлар жоқ. Көлік министрлігі авиациялық оқиға болғанын растады.
«Авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы мәліметтерді ұсыну және оларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес... UP-A0091 тіркеу нөмірлі Ан-2 әуе кемесімен болған авиациялық оқиға адам шығыны жоқ авиациялық оқиға (авария) ретінде тіркелді және оны Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті тексереді», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Министрліктің мәліметінше, Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті болған жағдайдың мән-жайын анықтау жұмыстарын бастап кеткен.
Оқиға орнына департамент қызметкері жіберілді. Оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ.