Қарағанды маңында мотоцикл мен арнайы автокөлік соқтығысып, жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қарағанды қаласына жақын маңда мотоцикл арнайы автокөлікке соғылып, жүргізуші оқиға орнында көз жұмды.
Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаменті хабарлады. Оқиға 3 тамыз күні таңғы сағат 07:30 шамасында «Алматы — Екатеринбург» тас жолының бойында, Қарағандыдан Балқаш бағытына қарай 1 шақырым жерде болған.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қаировтың мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, мотоцикл жүргізушісі жол жиегінде тұрған Kia Sportage маркалы арнайы автокөлікке соғылған.
Апат салдарынан 42 жастағы ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сот-медициналық және автотехникалық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.