Жеті баланың анасы бүгінде ойы өзгергенін айтты.
Вакцинацияға қарсылық танытып, тіпті соған орай акция ұйымдастырған елордалық көпбалалы ана екпенің маңыздылығын түсінгенін айтты. Жеті баланың анасы біраз уақыт әскердегі ұлының вакцина алуына рұқсатын бермеген екен деп хабарлайды Paryz.kz, Азаттық Рухына сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны - Зиуар Жұманова осы уақытқа дейін вакцина салдыруға белсенді түрде қарсылық білдіргендердің бірі. Себебі, қыста тұмауға қарсы екпе алған кезінде, ауруын асқындырып алған. Бұдан бөлек, түрлі мессенджерлердегі алып-қашпа әңгімелер де оның вакцинаға деген сенімсіздігін арттырған. Өз кезегінде Зиуар Жұманова антиваксерлермен бірге екпеге қарсы акция да өткізбек болған екен.
«Негізінде вакцинаға қарсы екі топ аштық. Көптеген қорқынышты ақапараттар таратылып жүрді. Вакцинациялау басталады дегеннен кейін Бәйтеректің жанында акция ұйымдастырдым. Бірақ оған өзім ғана шықтым. Кейін мені полиция қызметкерлері кері қайтарды», - дейді Зиуар Жұманова.
Зиуар Жұманованың тұңғышы бүгінде Алматы облысында әскери борышын өтеп жүр. Көпбалалы ана алғашында ұлының вакцина алуына барынша қарсылық танытқан. Алайда, екпе салдырған сарбаздардың түгелдей дін аман екеніне көз жеткізген соң рұқсатын беріпті.
Ауруханада өмір мен өлім арасында жатқан адамдардың жағдайын өз көзімен көрген көпбалалы ана бүгінде ойы өзгергенін айтады.
«Қазір мен вакцинаға қарсы емеспін. Ертең науқастар сыртта емін-еркін жүріп, барлығына жұқтырса, оған кім кінәлі болады? Сол үшін аяғымды кері тарттым. Мен вакицинаға қарсы шыға алмаймын, екпе алған балам сау, қайын-жұртым дін аман, соған шүкір деп отырмын», - деді елордалық көпбалалы ана.