Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

Жалақысы жоғары тұлғалар МӘМС жүйесіне неге тек шекті төлем жасайды?

Қазір елдегі ең жоғары айлық алатын адамдар МӘМС-ке табысының 0,4 пайызын ғана төлеп жүр. Ал айлығы 850 мың теңгеге жетпейтін өзге қазақстандықтар табысының 2 пайызын МӘМС-ке аударады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов осы әділетсіздік жойылса, қорға қосымша 250 млрд теңге түсетінін айтады, деп хабарлайды Paryz.kz, Kazinform.kz-ке сілтеме жасап. 

Жалақысы жоғары тұлғалар МӘМС жүйесіне неге тек шекті төлем жасайды?
Фото:elements.envato.com

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ә.Сқақов МӘМС-ке жарна алынатын айлық сомасының жоғарғы шегін 850 мың теңгеден 4,5 млн теңгеге көтеру мәселесі қаралып жатқанын айтты. Оның сөзінше, осы шектеудің «арқасында» айлығы 850 мың теңгеден асатын 500 мың адам МӘМС-ке айлығының 2 пайызына жетпейтін жарна аударып жүр. 

«Негізі ол МӘМС-ке жарна төлейтін барлық адамдардың 7 пайызы ғана, 500 мың адам көлемінде. Егер жоғары шекті 850 мың теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін көтерсек, қорға қосымша 250 млрд теңге түседі деген есебіміз бар. 

Қазір республика бойынша ең жоғары айлық алатын адамдар табысының 0,4 пайызын ғана МӘМС-ке жарна ретінде төлеп отыр. Ал басқа қазақстандықтар айлығының 2 пайызын төлейді. Егер осы ұсыныс қолдау тапса, бұл әділетсіздік жойылатын еді», - дейді Әбілқайыр Сқақов.

Сондай-ақ, ол бұл қосымша ақшаның қайда жұмсалатынын да айтты.

«Егер ұсыныс қолдау тауып жатса, пайда болған 250 млрд теңгені медициналық көмекті қаржыландыруға жұмсалады. Яғни, бұл соманың есебінен табысы төмен қазақстандықтарды МӘМС-тен босату қарастырылып отырған жоқ. Өйткені бізде жұмыссыздар мен зейнеткерлер, әлеуметтік осал топтар онсыз да жеңілдетілген санатқа енгізілген. Олардың үлесі 60 пайыздан асады. Оның үстіне МӘМС-тің басты қағидаты – ортақ жауапкершілік. Сондықтан бұл 250 млрд теңгені медициналық көмекті қаржыландыруға бағыттау көзделіп отыр», - деді қор басшысы.