Әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова Шымкентте өткен концерт кезінде болған дүрбелеңге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында көрермендердің қауіпсіздігіне жауапты тараптардың міндетін сөз етіп, жағдайға байланысты наразылығын жеткізді.
«Күлгендердің басына еселеп келсін, Алла күлкісін тия алмайтындай етіп. Ұйымдастырушы емес, сақтыққа күзеттер жауап беру керек. Біреуге жаба салу, ең оңай тәсіл. Қорғай алмаса, пәлен млнды неге алады екен?» – деп жазды ол.
Айта кетейік, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда Қайрат Нұртастың концерті өтті. Іс-шараға кіреберісте көрермендер шамадан тыс көп жиналып, адамдар арасында кептеліс болған. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарады.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Полицияның хабарлауынша, адамдардың шамадан тыс көп жиналуы салдарынан 18 жастағы бойжеткен зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген.
Ол дәрігерлердің бақылауында болған. Сондай-ақ құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде адамдардың қаза тапқаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды.
Ресми мәлімет бойынша, оқиға кезінде қаза тапқандар болмаған. 11 қазанда полиция концертті ұйымдастырушы, 1984 жылы туған Л. есімді азаматтың ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция өкілдері тергеу нәтижесі бойынша ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті процестік шешім қабылданатынын мәлімдеді.