Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуровты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Кездесуде Қазақстан президентінің Мәскеуге жасайтын мемлекеттік сапары аясында қаралатын көпжоспарлы ынтымақтастықтың басты бағыттары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сапарға ерекше мән беріп отырғанын және келіссөздердің табысты өтетініне сенімді екенін жеткізді. Мемлекет басшысы екі ел үкіметтерінің белсенді әрі үйлесімді жұмысының арқасында Ресей Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала беретініне тоқталды.
"Қасым-Жомарт Тоқаев президент Владимир Путинмен екіжақты тауар айналымының көлемін таяу арада 30 миллиард долларға дейін арттыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгенін еске салды. Президент Ресей Федерациясы Қазақстан экономикасына қаржы салған жетекші инвесторлардың бірі болып отырғанына назар аударды. Былтыр жалпы инвестиция көлемі 4 миллиард долларға жетті", - деп жазылған хабарламада.