Прямая трансляция

Астана

Астана

16.58°C

«Тіл – бірліктің өлшемі»: Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында маңызды мәлімдеме жасады

Астанада мемлекеттік жүйедегі жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтуде. Жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси реформалар, мемлекеттік тілдің мәртебесі және ұлтаралық татулық туралы баяндады, деп жазады Paryz.kz.

«Тіл – бірліктің өлшемі»: Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында маңызды мәлімдеме жасады
Фото: akorda.kz

Президент өз сөзінде Халық Кеңесінің құрылуын ел тарихындағы елеулі оқиға деп атап, саяси реформалардың бұнымен тоқтамайтынын, жүйелі түрде жалғаса беретінін атап өтті.

Мемлекеттік тіл және басқа тілдерге құрмет

Президент ұлтты ұйыстыратын басты фактор — мемлекеттік тіл екенін тағы бір мәрте еске салды.

«Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Тоқаев мемлекеттік тілдің дамуы басқа тілдерді шеттетуге немесе олардан бас тартуға негіз болмайтынын қадап айтты. Тіл арқылы арандатушылық тудырғысы келетіндерге заң аясында қатаң бөгет қойылатынын ескертті.

«Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырады. Олардың көздегені – Қазақстанның егемендігіне нұқсан келтіру. Құқық қорғау органдары мен қоғам бұған «Заң мен тәртіп» қағидатына сай табанды түрде қарсы тұруы керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Ел бірлігі» орденіне үміткерлерді Кеңес ұсынады

Мемлекет басшысы этносаралық достықты нығайтуға үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдерін қолдау қажеттігін айтты. Осы орайда Тоқаев елдегі беделді награданың бірі — «Ел бірлігі» орденіне лайықты кандидаттарды бұдан былай тікелей Қазақстан Халық Кеңесі ұсынуы әділетті болатынын жеткізді.