Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Ақиқатқа тура қарауымыз керек: әлем түбегейлі өзгерді — Президент

Қазіргі буын көшбасшыларының әрекетсіздігінің зардабын келер ұрпақ тартады. Бұл мәлімдемені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта айтты. 

Ақиқатқа тура қарауымыз керек: әлем түбегейлі өзгерді — Президент
Фото: Ақорда

— Біріккен Ұлттар Ұйымы 80 жылдан бері адамзатқа төнген жаһандық сын-қатерлерді еңсеруде басты рөл атқарып келеді. Осы жылдары ұйым біздің ұжымдық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, бейбітшілікті сақтау, өсіп-өркендеу, кедейлікті азайту, орнықты даму және адам құқығын қорғау бағытындағы ортақ күш-жігерімізді ілгерілетуге бастамашы болды. Алайда ақиқатқа тура қарауымыз керек: әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Өкінішке қарай, жақсы жаққа қарай өзгерді деп айту қиын. Дәл сол себепті жер жүзіндегі миллиондаған адам Бірікккен Ұлттар Ұйымына үлкен үмітпен көз тігіп отыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Президент бүгінгі тарихи кездесудің әмбебап және баламасы жоқ ұйымның іргелі қағидаттары мен мақсаттарына қаншалықты бейіл екенімізді дәлелдейтін орайлы мүмкіндік екенін атап өтті.

— Әйтсе де біз көпжақты институттарға сенімнің дағдарысқа ұшырағанын айтпай кете алмаймыз. Халықаралықтың құқықты өрескел бұзу «қалыпты жағдайға» айналды. Соның салдарынан әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, халықтардың, саяси көшбасшылар мен мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті. Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етіп, ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс, — деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен бірге, Президент мемлекеттердің басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайтынын жеткізді.