Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Ол әріптесін АҚШ басшысы Дональд Трамппен Анкориджде өткен кездесу қорытындысымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаевтың пікірінше, келіссөздер Ресейдің Украина жөніндегі ұстанымын америкалық тараптың жақсы түсінуіне септігін тигізді. Бұл күрделі мәселенің шешімін іздеуде ортақ тіл табысуға көмектеседі.
Мемлекет басшысы Аляскадағы саммитті Ресейдің халықаралық позициясын және әлемдік аренадағы өзара түсіністікті нығайту тұрғысынан айтулы кездесу болды деп санайды.
Президент сапардың сәтті ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның сөзінше, қазіргідей күрделі жағдайда мұның саяси мәні зор.
Владимир Путин өз тарапынан әріптесіне Аляскада өткен келіссөздің кейбір нақты аспектілері туралы мәлімет берді. Әңгімелесу соңында Тоқаев Путинге энергетика саласындағы конструктивті ынтымақтастық үшін ризашылық білдірді.