Алматыда енесіне зорлық-зомбылық көрсетті деген айыппен жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл оқиға туған қызының полицияға берген арызынан кейін белгілі болып, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп жазады paryz.kz.
Оқиға 17 тамызда болған. Ақпаратқа сәйкес, күдікті 1961 жылы туған енесінің үйіне «шай ішуге» келіп, оның дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.
Жәбірленуші 3 жыл бұрын ауыр жол апатына түсіп, денсаулығы нашарлаған. Ауыр жағдайға қарамастан, үш баланың анасы (оның біреуі ерекше бала) анасын қорғау үшін өз күйеуінің үстінен арыз жазған.
Бастапқыда сот-медициналық сараптама қағаздарының бұрыс толтырылуына байланысты полиция мен сарапшылар арасында бюрократия орын алып, іс созылып кеткені айтылған еді. Қоғам белсенділері бұл іске қала прокуратурасы мен заңгерлерді араласуға шақырды.
«Аталған факті бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның әрекетіне принципті және объективті құқықтық баға беріледі. Кінәсі дәлелденген жағдайда ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жазаланады», – деп хабарлады Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр, күдікті қамауда.