Прямая трансляция

Астана

Астана

21°C

Адам қағып кеткен: Экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты мәлімдеме жасады

Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек өзі қатысқан жол-көлік оқиғасына қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпараттарға жауап берді, деп хабарлайды paryz.kz.

Адам қағып кеткен: Экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: parlam.kz

Ол тергеу-тексеру жұмыстары жалғасып жатқанын айтып, оқиғаға қатысты түрлі болжамдар мен әңгімелерге әзірге жауап бере алмайтынын жеткізді.

«Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік», – деп жазды Бақытжан Базарбек. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтіліп жатыр.

Экс-депутат тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға беретініне сенетінін атап өтті.

Базарбек үшін қазір ең маңыздысы – зардап шеккен азамат пен оның жақындарының қасында болып, қажетті көмек көрсету.

«Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз», – деді ол. 

Сондай-ақ экс-депутат зардап шеккен азаматқа көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухана дәрігерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыс білдірді. Ол әлеуметтік желілерде түрлі нұсқалар мен алып-қашпа әңгімелер тарап жатқанын айтып, жұртшылықты асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырды. Бұған дейін Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында жол-көлік оқиғасы болып, 36 жастағы ер адам ауыр жарақат алғаны хабарланған. 

Полиция дерегінше, Toyota көлігінің жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.