Өскемен қаласында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды Paryz.kz сайты.
Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл автокөлікті кәмелетке толмаған бозбала басқарған. Қала прокуратурасының хабарлауынша, жүргізуші көлікті тізгіндей алмай қалып, жол жиегіндегі бөгетке соғылған. Соққының салдарынан автокөлік аударылып, артынша өртеніп кеткен.
Апат кезінде көлікте болған екі жасөспірім жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Ал көлік жүргізген жасөспірім түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір құқық қорғау органдары жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.