Петропавлда итті қинап, жануарға қатыгездік көрсету ісін тергеу аяқталды. Полицияның мәліметінше, Барсик есімді ит Кәрім Сүтішев көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында өмір сүрген, деп хабарлайды paryz.kz.
Үй тұрғындары ол үшін арнайы үйшік жасап, қамқорлық көрсетіп келген. Тұрғындардың айтуынша, ит бүкіл ауланың сүйіктісі болған және шынжырда байлаулы күйде тыныш жатқан.
Оқиға шамамен бір ай бұрын болған. Құқық қорғау органдарының деректері бойынша, қолында ас үй пышағы бар мас жүргінші итке шабуыл жасап, оған көптеген жарақат салған. Оқиғаның бәрі үй тұрғындарының көзінше болған.
Полицейлер күдіктіні анықтады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 47 жастағы Петропавл тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Қазіргі уақытта жануарға қатыгездік көрсету және оның өліміне әкеп соғу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс соттың қарауына жолданды.