Боксшы Теміртас Жүсіповтің жұбайы отбасылық жанжалдан кейін күйеуімен татуласқанын мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.
Әлем чемпионының жұбайы әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында арадағы түсініспеушілік шешімін тауып, екеуінің татуласқанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін әйелінің миы ісініп, басынан жарақат алғаны және денесінде көгерген іздер бары туралы ақпарат тараған еді. Кейін оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, Теміртас Жүсіповке жұбайының келісімінсіз онымен байланысуға тыйым салынған болатын.
7 шілдеде әйел полицияға арыз жазып, күйеуіне қатысты ешқандай шара қолданбауды сұрады.
Соған қарамастан, Ақмола облыстық полиция департаменті қылмыстық істің қозғалғанын және тергеудің заң талаптарына сәйкес жалғасатынын хабарлады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде жәбірленушінің әпкесі боксшының әйеліне күш қолданылғанын мәлімдеген еді. Ал Теміртас Жүсіпов отбасында келіспеушілік болғанын растағанымен, жұбайының ауыр жарақат алғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған.