Айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева жол-көлік оқиғасынан қаза тапты. Апат салдарынан оның жұбайы Мырзабек Қасымов та көз жұмған, деп хабарлайды paryz.kz.
Бұл туралы Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Марғұлан Оспанов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Мәліметке сәйкес, Салтанат Амантайқызы саналы ғұмырын мәдениет пен музей ісінің дамуына, тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау жұмыстарына арнаған.
Әріптестерінің айтуынша, ол кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген. Оның жетекшілігімен музейде бірқатар маңызды жобалар, көрмелер мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асырылған.
Салтанат Өтелбаева әріптестері арасында сый-құрметке ие болып, ашық мінезі мен азаматтық ұстанымымен есте қалғаны атап өтілді. Марқұмдардың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтылып, олардың жарқын бейнесі ел жадында сақталатыны жеткізілді.