Прямая трансляция

Астана

Астана

29.28°C

Белгілі футболшы Қарағанды облысында жол апатынан қаза тапты

Қарағанды облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан Көкшетаудың «Елім-Ай» футбол клубының 29 жастағы ойыншысы Ілияс Буртовой көз жұмды, деп хабарлайды paryz.kz.

Белгілі футболшы Қарағанды облысында жол апатынан қаза тапты
Фото: әлеуметтік желіден

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 6 маусым күні Қарағанды облысындағы Дубовка кентінің маңындағы автожолдың 1-шақырымында жол-көлік оқиғасы болған. Алдын ала деректер бойынша, Chevrolet Cobalt автокөлігін басқарған 21 жастағы жүргізуші көлікті тізгіндей алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.

Соның салдарынан ол 44 жастағы жүргізуші басқарған Opel Vectra көлігімен соқтығысқан. Апат нәтижесінде Chevrolet Cobalt жүргізушісі мен оның екі жолаушысы түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ілияс Буртовой ауыр хәлде профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. 

Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ілияс Буртовой 1996 жылы дүниеге келген. Ол өзінің спорттық жолын 2015 жылы «Шахтер-Булат» командасында бастаған. Кейін футзалға ауысып, Қарағандылық «Прогресс» командасының құрамында Қазақстан кубогында өнер көрсетті. 

Сондай-ақ еліміздегі ең мықты әуесқой командалардың бірі — FC BIRLIK сапында ұзақ уақыт ойнады. Өткен жылы осы командамен бірге шағын футболдан әлем чемпионатына қатысқан. Биыл Қазақстан кубогы мен Бірінші лигада Көкшетаудың «Елім-Ай» командасы құрамында ойнады. Клуб басшылығы марқұм спортшының туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.