Сарысу ауданы Жаңатас қаласында моншаға барып, соңын төбелеспен аяқтаған әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық сот.
Балаларын алып, моншаға барған әйел төлеу ақысына келгенде келіспейтінін айтып, моншаның қожайынымен жанжалдасқан. Екі әйел арасындағы даудың соңы төбелеске ұласады. Оқиға былтыр қазан айында болған. "Жанжал кезінде сотталушы қолында тұрған смартфонымен жәбірленушінің басынан ұрған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің миы шайқалған, бірінші дәрежелі ми контузиясы, сондай-ақ сынық түріндегі жабық ми жарақатын алған. Бұл адам өміріне қауіпті денсаулыққа ауыр зиян санатына жатады", - дейді сот. Айыпталушыға "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша айып тағылды.
Прокурор 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұрады.
Айта кетейік, жанжал кезінде сотталушы масаң күйде болған. Сотта жәбірленуші сотталушыны кешіретінін айтты.
"Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны орындау жас балалардың болуына байланысты 5 жылға кейінге қалдырылды", - дейді сот. Үкім заңды күшіне енді.