Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының азаматтарын 2026 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда.
Жарлыққа сәйкес, президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығаруды қаулы еткен.
"Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтар 2026 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын", - делінген жарлық мәтінінде.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастыру және қамтамасыз ету тапсырылған.
Президент Қазақстан үкіметіне әскерге шақырылған азаматтарды жөнелтуді және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткерген әскери қызметшілерді шығаруды қаржылай және материалдық жағынан қамтамасыз етуді ұйымдастыруды тапсырған. Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.