Астана-Қарағанды тасжолында 7 автокөлік жол апатына ұшырап, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Қарағанды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған Paryz.kz.
Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 10 наурызда сағат 11:00 шамасында Астана-Қарағанды автожолында, Ошағанды ауылының маңында, Қарағанды бағытында болған.
"Алдын ала ақпарат бойынша, трассаның 147-шақырымында жеті көлік соқтығысқан. Жол апатына күн райының күрт нашарлауы – боран, қатты жел және қардан жол учаскесінің мүлдем көрінбей қалуы себеп болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, соқтығысу тізбек реакциясымен болған. Алдыда Chevrolet Nexia көлігі келе жатқан, ол Chery Tiggo-мен соқтығысқан. Бұдан кейін Chery Tiggo-ға Toyota Land Cruiser көлігі соғылған. Оның артынан жүк көлігі Toyota Land Cruiser-ге соқтығысқан, содан кейін "ҚазАвтоЖолдың" қызметтік пикапы мен УАЗ Hunter көлігі соқтығысқан", - делінген хабарламада.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Land Cruiser көлігіндегі жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған. Сонымен қатар УАЗ Hunter көлігінің жүргізушісі де зардап шеккен. Ол ауруханаға жеткізілген, қажетті көмек көрсетілуде, диагнозы нақтыланып жатыр.
Полиция өкілдері бұл көліктер жол қозғалысына шектеу енгізілгенге дейін жолға шыққанын атап өтті.
Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері, ТЖД бөлімшлері және жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қажетті тергеу және процессуалдық шаралар жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталуда.