Ақтөбе қаласындағы жеке меншік үйден әйел мен үш баланың мәйіті табылды, деп хабарлайды paryz.kz.
Жеке меншік үй Алматы ауданында орналасқан.
"Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан табиғи газдан улану нәтижесінде орын алуы мүмкін. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр", - делінген ресми хабарламада.
Қазіргі кезде облыс әкімінің тапсырмасымен жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды.
Комиссияны Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Комиссия уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, тексеру жүргізіп, тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары басталды. Ақтөбе облысының әкімдігі марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.