Жамбыл облысында «Казфосфат» ЖШС құрамына кіретін кәсіпорындарда қысқа уақыт аралығында екі бірдей ауыр өндірістік апат тіркеліп, соңы адам өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Halyqstan мәліметінше, қайғылы оқиғалардың алғашқысы 29 қаңтар күні Новоджамбул фосфор зауытында болды. Цех №5 аумағында жүргізілген технологиялық жұмыстар кезінде пештен ыстық шлак атқылап, үш бірдей жұмысшыны күйік шалды.
Зардап шеккендердің екеуі сары фосфор өндірісінің операторлары, бірі жөндеуші. 1994 жылы туған оператор денесінің 45 пайызын қамтыған ауыр термохимиялық күйік алып, тыныс алу жолдары зақымданған күйде жансақтау бөліміне жеткізілген.
Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін арпалысқанымен, алған жарақаттары салдарынан жұмысшы көз жұмды. Ал 1983 және 2003 жылдары туған екі қызметкер қалалық аурухананың күйік бөлімінде ем қабылдап жатыр, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Арада көп уақыт өтпей, «Казфосфатқа» қарасты минералды тыңайтқыштар зауытында тағы бір қайғылы жағдай орын алды. Кәсіпорын аумағында жүк көлігінің жүргізушісі карьерлік БелАЗ өздігінен түсіретін жүк көлігінің астында қалып, оқиға орнында қаза тапты.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 1992 жылы туған жүргізуші көліктің бортына жүк байлау кезінде артқа қозғалған ауыр техника оны қағып кеткен. Кәсіпорын әзірге бұл жағдайларға қатысты мәлімдеме жасамады.
Қатарынан болған бұл екі оқиға өндірістегі еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты сұрақтарды қайтадан күн тәртібіне шығарды.