Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Әскери қызметтегі сарбаздардың қазасы: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

Қорғаныс министрлігі жыл басынан бергі әскери қызметшілердің қазасына байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған paryz.kz.

Әскери қызметтегі сарбаздардың қазасы: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады
Фото: nur.kz

"Жыл басынан бері Қарулы Күштерде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына және жақындарына шынайы көңіл айтады. Қарулы күштердің басшылығы болған жағдайдың барынша ауыр екенін және әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінеді. Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды", - делінген хабарламада.

Болған барлық оқиға бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданған.

"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды", - делінген хабарламада.

Министрлік қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған мынадай шаралар кешенін қабылдаған.

Тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілген. Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылған.

Әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілген. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізіліп жатыр. Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылған. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылған. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, күшейтілген.

Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданған. Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланысы қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста.

"Қабылданып жатқан барлық шара ең алдымен жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауға және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасын табады", - делінген хабарламада.