Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне қызылшаға күдікпен 8 айлық сәби жеткізілген. Тексеру барысында жүргізілген рентгенологиялық зерттеу нәтижесінде баланың іш қуысынан бөгде зат — ине анықталған. Бұл туралы облыстық денсаулық басқармасы хабарлады, деп жазады paryz.kz.
Сәбидің мазасыздануы мен дене қызуының көтерілуі жұқпалы аурумен емес, дәл осы бөгде заттың әсерінен болғаны белгілі болған. Дәрігерлердің айтуынша, ине баланың ас қорыту жолы арқылы емес, бауыр тұсынан кіргені анықталған. Баланың анасы инені сәби өздігінен жұтпағанын жеткізді.
"Түркістан қалалық орталық ауруханасының және Түркістан қалалық балалар ауруханасының дәрігерлері бірлесіп, шұғыл ота жасап, қажетті ем-шараларды толық көлемде жүргізді. Уақытылы жасалған хирургиялық ота мен тұрақты емнің арқасында сәби қазіргі таңда жылдам қалпына келіп келеді. Бұл жағдай барлық ата-анаға арналған үндеу болды. Ол балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін тұрмыстық заттарға мұқият болуға шақырады", - делінген хабарламада.