Жетісу облысы Жаркент қаласында баласын аяусыз ұрған әйел диспансерлік есепте тұрған. Желіні шулатқан оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісі білді.
Баласына қатігездік танытқан әйел 28 жаста. Ал күйеуі 30-да. Екеуі де Жаркент қаласының облыстық №4 арнайы мектеп-интернатында тәрбиеленген. Әйел ата-анасынан жетім, ал күйеуі ата-ана қамқорлығынсыз қалған.
"Ерлі-зайыптының жеңіл ақыл-ой кемістігі, жеңіл зерде бұзылысы диагнозы болған. Психоневрологиялық диспансерлік есепте тұрады. Бұл отбасыны полиция қызметкері 18 қаңтар күні түнгі сағат 23:30 шамасында Отбасын қолдау орталығына жеткізді. Балалар медициналық тексеруден өткізілді. Анасы полиция бөлімшесінде қалды", - дейді қалалық әкімдік.
Жергілікті әкімдік балалардың әкесімен психологиялық тұрғыда әңгімелесіп, балалармен сергіту және дамытушы ойындар ұйымдастырған.
Балалардың бірі 4, екіншісі 2 жаста. Олар Жаркенттегі "Жанұя" отбасылық қолдау орталығына орналастырылды.
"Балалар қорқып, жасқанған жоқ. Ойнап кетті. Анасының көзінше өздерін қалай ұстайтынын білмедік, бізге келгенде еш мінез-құлық көрсетпеді", - дейді орталық мамандары.