Маңғыстауда 26 жастағы қызды бопсалап, одан ірі көлемде ақша талап етті деген күдікпен екі адам ұсталды. Олар жәбірленушінің интимдік сипаттағы фотоларын "желіде және туыстарына жариялаймыз" деп қорқытқан, деп хабарлайды ІІМ-нің Polisia.kz медиа-порталына сілтеме жасаған paryz.kz.
Басылымның хабарлауынша, полицияға аталған дерек бойынша 26 жастағы жәбірленуші арызбен жүгінген.
Оның айтуынша, 26 жастағы ер адам жәбірленушінің интимдік сипаттағы фотосын әлеуметтік желілерде және туыстарына жариялаймын деп қорқытып, 1 млн теңге көлемінде ақша талап еткен.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті 17 қаңтарда WhatsApp мессенджері арқылы жәбірленушіден алдымен 200 мың теңге аударуды, ал қалған 800 мың теңгені 20 қаңтарға дейін беруді талап еткен. Ақшаны өзі көрсеткен шотқа аудартпақ болған.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 17 қаңтарда Жаңаөзен қаласында екі ер адам ұсталды. Тінту барысында күдіктіден көк түсті iPhone 14 Pro Max, ал екінші күдіктіден қара түсті iPhone 11 телефондары заттай дәлелдеме ретінде тәркіленді.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, мәліметтер сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.