Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында ұсақ малдың жаппай қырылуы тіркелді.
БҚО Ветеринария басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты Ұрысай елді мекенінде болды.
- Қойларға қандай жыртқыштың шапқаны белгісіз. Ит, қасқыр немесе шибөрі болуы да мүмкін. Нақты анықталмады. Қорада үріккен қойлардың көпшілігі тапалып өлген. Күні бүгін шығынға ұшыраған қойдың есебі алынып, өлекселер мал моласына жеткізіліп, жойылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Шыңғырлау аудандық ветеринария станциясының директоры Досқанат Сағынбайдың нақтылауынша, оқиға таңға жақын болған. Бақташы ауыл тұрғындарының қойын ашық-тесік қораға қамаған.
- Жыртқыш тесіктен кіріп, екі қой, үш ешкіні жарақаттаған. Қалған 60-ы тапалып өлген. Қойлардың жартысы есепте жоқ болып шықты. Сонымен бірге 15 жылдай мал бағып жүрген бақташы ауыл әкімдігімен де, тұрғындармен де келісім-шартқа отырмаған. Ветеринария станциясының мамандары әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, өлекселерді жинап, өртеу жұмыстарын атқарды. Тиісті актілер жасалды, - деді Д.Сағынбай.
Ветеринар мамандардың қарау, тексеруі барысында өлген малдан аса қауіпті ауруларға күдік байқалған жоқ.