Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбе облысындағы 14 жастағы қыздың босануына байланысты резонансты оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, бұл жағдайда жоспарлы профилактикалық тексеру жүргізілмеген, ал жалғыз скрининг биылғы жылдың наурыз айының басында өткен.
«Биыл наурыз айының басында скрининг өткізілді. Бұл — едәуір ұзақ уақыт аралығы. Ол кезде қыздың жүктілік мерзімі өте ерте болған. Мұны байқау қиын, әсіресе скрининг кезінде бізде акушер-гинеколог болмайды. Онда офтальмолог, ЛОР-дәрігер сияқты мамандар ғана болады. Сондықтан оны ешкім анықтай алмаған. Ата-анасы да, туыстары да, мұғалімдері де білмеген, — деді Сұлтанғазиев.
Ол сондай-ақ баладан ешқандай шағым түспегенін және үш рет тексеру жүргізілді деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
Бір рет — наурыз айының басында скрининг. Болды, - деді ол. Медициналық қызметкерлердің жауапкершілігі туралы сұраққа Сұлтанғазиев: "Неге жазалау керек?" — деп жауап берді.