Шымкентте 9-сынып оқушысы өз үйінің сарайында асылып қалды. Жасөспірімнің жақындары оның өліміне мектептегі жүйелі буллинг себеп болғанын айтады. Баланың телефонынан табылған жазбада ол төрт сыныптасын атап, «Енді мені ұра алмайсыңдар» деп жазып кеткен, деп хабарлайды Paryz.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Анасы Жанерке Жұнұсбекованың айтуынша, кейінгі үш жылда ұлы мектепте құрдастарының қоқан-лоққысына жиі ұшыраған. «Әкесінің қайтыс болғанын бетіне басып, мазақтап келді. Бір бала ақша мен темекі әкелуге мәжбүрлейтін. Қолынан келгенін істететін», – дейді ол.
Мектептің ұстанымы Қайғылы жағдай қаладағы №32 мектепте болған. Құрбанының әпкесі де осы білім ордасында оқып, өзі де буллингке куә болғанын айтады. Алайда мектеп басшылығы фактіні жоққа шығарды.
«Біз бұл оқиға туралы кеш білдік. Ешқандай төбелес, ақша жинау болмаған. Оқушыны ешкім ұрған жоқ», – деді тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Райхан Тұлеева.
Тергеу басталды Оқушының соңғы хатында аты аталған төрт сыныптасының бірі бұған дейін полиция есебінде тұрған. Қазіргі таңда бұл фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның туыстары кінәлілерді және мектеп әкімшілігін жауапқа тартуды талап етуде.